15 қыркүйектен бастап бірнеше қосымшаны интернетсіз пайдалануға болады

Автор: Алмас Ерсін

Елімізде 1 400-ден аса мемлекеттік қызметтің 400-ге жуығы толық автоматтандырылған

Фото: pixabay

15 қыркүйектен бастап Aitu, eGov, eOtinish сияқты мемлекеттік сервистерді интернетсіз пайдалана аласыз. Баланс бар-жоғына қарамастан, баршаға қолжетімді болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.

Келесі айдан бастап онлайн қызмет алғыңыз келсе, сымсыз желі мәселе болмайды. Бүгінде елімізде 1 400-ден аса мемлекеттік қызметтің 400-ге жуығы толық автоматтандырылған. Қалғаны кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік қызметкерді Aitu мессенжеріне көшуге міндеттеген. Бұл отандық платформа қызмет хат-хабардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек.

Алайда Aitu қолданысқа енді екен деп, WhatsApp немесе Telegram сынды шетелдік мессенжерлерге тыйым салынбайды. Жауапты мамандар ондай қауесетке сенбеу керек дейді.

«Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілер қолданатын бірнеше мессенжер платформасы бар. Біз барлық мессенжерді тыйып тастау керек деп отырған жоқпыз. Мемлекеттік қызмет аясында қолданылатын қызмет ақпаратына қатысты ақпарат қауіпсіздігінің күшейтілген шараларын сақтау қажет. Біз жалпы құжатты жіберу немесе қызмет мәселелерін талқылауда ұлттық мессенжерді қолдануға көшуіміз керек», - дейді ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.