Шымкентте түрмеде жатқан ер адам өзгелерді экстремизмге шақырғаны үшін 8,5 жыл қосып алды

Автор: Асыл Арман

Ол 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында радикалды көзқарастарды белсенді таратқан

Фото: istockphoto.com

Шымкент тұрғыны түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүріп, жасырын жиналыстар ұйымдастырып, өзге сотталғандарды экстремистік әрекетке қатысуға шақырған. Бұл туралы Azattyq Rýhy өңірлік сотқа сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында ол экстремистік ұйым идеяларына қатысты радикалды көзқарастарды белсенді таратқан. Айыпталушының қылмысы іс материалдарымен дәлелденді.

Сотталушы өз кінәсін мойындап, жазаны жеңілдетуді сұрады. Алайда сот оның бұрын да қылмыс жасағанын ескеріп, бұл жағдайды ауырлататын мән-жай деп таныды.

«Сот жазаны тағайындау барысында айыпталушының асырауында бес кәмелетке толмаған баласының барын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ал қайталанған қылмысты ауырлататын жағдай деп таныды», – делінген сот хабарламасында.

Нәтижесінде ер адам 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.