Қазақстанда жылу энергетикасы саласындағы мамандықтарға сұраныс артып келеді

Автор: Асыл Арман

Биыл Алматы энергетика және байланыс университетіне 200 студент түсті

Фото: istockphoto.com

Жылу энергетикасы саласына мамандар қайта оралып жатыр. Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, биыл жылу энергетикасы саласындағы мамандықтарға түскен түлектер саны рекордқа жеткен.

«Біз соңғы екі жылда энергия өндіретін кәсіпорындардағы орташа жалақыны 420-450 мың теңгеге дейін көтердік, осылайша мамандардың кетуі тоқтады. Биылғы жылы Ғылым және жоғары білім министрлігімен гранттар бойынша жұмыс істеп, АЭБУ-ға (Алматы энергетика және байланыс университеті) алғаш рет 200 студент түсті. Бұлай ешқашан болған емес. Сондықтан, салаға мамандарды қайта оралту үшін жақсы факторлар бар. Әрине, жақсы энергетикті бірнеше жыл баулу қажет. Бұл үрдіс біздің бақылауымызда болады, менің ойымша, кадрлық әлеуетті қалпына келтіру басталды», — деп атап өтті Сұңғат Есімханов.