Ол баж салығын күшейтінін айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық технологиялық компанияларға цифрлық салық енгізген елдерге қарсы қатаң шара қолданатынын айтты. Ол мұндай елдерге қосымша баж салығы салынып, америкалық чиптердің жеткізілуіне шектеу қойылатынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Трамп өзінің Truth Social парақшасында жазды.
«Мен АҚШ президенті ретінде біздің технологиялық компанияларға қарсы әрекет етіп отырған мемлекеттерге қарсы тұрамын. Цифрлық салықтар, цифрлық қызметтер туралы заңдар және нарықты реттеу шаралары барлығы да америкалық технологияларға зиян тигізуге бағытталған», – деді ол.
Трамптың айтуынша, мұндай саясат «шұғыл түрде тоқтауы тиіс».
«Цифрлық салық енгізген немесе осындай заңдар қабылдаған елдерге ескертемін: егер бұл дискриминациялық шаралар жойылмаса, АҚШ олардың экспортына жоғары тарифтер енгізеді және біздің микрочиптер мен технологиялардың жеткізілуіне шектеу қояды», – деді ол.
Сондай-ақ Трамп шетелдік мемлекеттерді АҚШ пен оның технологиялық компанияларын құрметтеуге шақырды.
«Америка мен біздің озық компанияларымызға құрмет көрсетіңіздер, әйтпесе салдары ауыр болады», – деп қосты.