Астанада бір ай бұрын «жұмысқа» орналасқан жас жігітті полиция ұстап әкетті

Автор: Алмас Ерсін

Одан тәркіленген заттың гашиш екені анықталды

Фото: Polisia.kz

Астанада полицейлер есірткі жасырған жас жігітті ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.  

Гашиш жасырумен айналысқан

Құқық қорғаушылар Иманбаев көшесіндегі көпқабатты үйдің кіреберісі маңында бір нәрсені бұтаның арасына жасырып жатқан азаматты байқап қалған.

«Полиция қызметкерлерін көрген ол қашуға әрекеттенгенімен, көп ұзамай қолға түсті. Тексеру кезінде ұсталған 23 жастағы жігіттің шалбарының қалтасынан өсімдік тектес зат салынған 27 орама табылып, тәркіленді», - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар оның жасырмақ болған жерінен осындай тағы бір пакет алынды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың гашиш екенін анықтады.

«Белгілі болғандай, күдікті есірткі тасымалдау жұмысын интернет арқылы бір ай бұрын тапқан. Ол алдын ала дайындалған, изолентаға оралған есірткі пакеттерін жасырын орындардан алып, қалташа әдісімен таратқан», - дейді полицейлер.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Полиция ескерту жасады

Полиция есірткіні «қалташа әдісімен» тарату аса ауыр қылмыс екенін ескертті.

«Жастардың есірткі бизнесіне тартылуына және психотроптық заттарды қолдануына жол бермеу мақсатында тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының интернеттегі байланыстары мен SMS-хабарламаларына, достық ортасына және әлеуметтік желідегі топтарына мұқият назар аударуға шақырады», - деп жазылған хабарламада.