Олар есірткіні арнайы аяқ киімге арналған крем ретінде рәсімдеген
Түркістан облысындағы Б. Қонысбаев атындағы шекара бекетінде 2024 жылдың мамыр айында елге ірі көлемдегі есірткі әкелу әрекеті тоқтатылды. Тексеру барысында 770 килограмм героин табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Есірткі арнайы аяқ киімге арналған крем ретінде рәсімделген және оны Еуропа елдеріне транзит арқылы шығармақ болған.
Мемлекеттік айыптаушы сотта екі шетелдік азаматтың кінәсін толық дәлелдейтін айғақтар ұсынды.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот айыпталушыларды 14 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.