Астанада 18 жастағы жігіт көлік ұрлап, адам шошырлық апатқа ұшырады

Автор: Асыл Арман

Астанада ұрланған көлік қатысқан ірі жол апаты болды

Фото instagram.com/astana.times

Астанада ұрланған көлікпен жүргізушісі адам шошырлық жол-көлік оқиғасына себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 24 тамызға қараған түні Абылай хан даңғылында болды. Әлеуметтік желілерде апат орнынан түсірілген кадрлар жарияланды – суреттерден бірнеше зақымданған көлікті, сондай-ақ салондары қатты мыжылып, бөлініп кеткен автокөлікті көруге болады.

«24 тамызға қараған түні 18 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны Changan Deepal S07 маркалы автокөлікті заңсыз иемденіп, қала ішінде жүріп келе жатып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге қатысушыларға қауіп төндірген. Жол апатының салдарынан үш адам ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады Астана қаласы Полиция департаменті.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ұрлық пен жол апаты фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде.