Аралдың тағдыры күтіп тұр ма: Каспийдің тартылған аумағы Бельгияның көлемінен асып түсті

Автор: Асыл Арман

Каспий теңізінің қазіргі жағдайы белгілі болды

Фото: istockphoto.com; Central Asia Climate Foundation

Соңғы 20 жылда Каспий теңізінің аумағы 34,4 мың шаршы шақырымға азайды. Бұл – Танганьика көлі немесе Бельгия аумағынан да үлкен көлем. Теңіздің су сапасы да нашарлап, таза деңгейден орташа ластанған деңгейге дейін түскен. Кейбір кезеңдерде зиянды заттардың шекті нормасы бірнеше есе асып түсті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Central Asia Climate Foundation ұйымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірегей су айдыны

  • Каспий — дүниежүзілік мұхитпен байланысы жоқ, әлемдегі ең үлкен тұйық су айдыны.
  • Суы тұзды, ал тұздылық деңгейі әр бөлігінде әртүрлі.
  • Байкал және Танганьика көлдерімен бірге ең терең көлдердің қатарына жатады.
  • Мұнда тек Каспийге тән итбалық мекендейді, сондай-ақ әлемдегі ең ірі бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын орындары орналасқан.

Су деңгейінің төмендеуі

Каспий теңізіне шамамен 130 өзен құяды, олардың 86%-ы Еділ өзеніне тиесілі. 1970-жылдардан бері өзен ағыстары реттеліп, су деңгейінің ауытқуы күшейді.

  • 1940-1977 жылдары: жылына -4 см (−1,2 м).
  • 1978-1995 жылдары: жылына +13 см (+2,5 м).
  • 1996-2023 жылдары: жылына -8 см (−1,83 м).
  • 2006-2024 жылдары: теңіз деңгейі −2,14 м.

NASA дерегінше, Каспий жылына орта есеппен 7 см таяздап жатыр – бұл дүниежүзілік мұхиттың көтерілуінен 20 есе жылдам. Егер үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға қарай теңіздің солтүстік бөлігі толықтай құрғауы мүмкін.

Климаттың өзгеруі және жылыну

«Қазгидромет» дерегіне сәйкес, 1976-2024 жылдары:

  • Жер шары бойынша температура әр 10 жылда +0,19°C артты;
  • Қазақстанда — +0,36°C;
  • Каспий маңы аймағында — +0,51°C.

Бұл аймақта климат бүкіл ғаламшарға қарағанда әлдеқайда жылдам жылынуда.

Ластану мәселесі

Каспий теңізіндегі тағы бір өзекті проблема – мұнай өндіру және өнеркәсіптік қалдықтардан ластану.

  • 2005-2018 жылдары су сапасы «таза» деңгейден «орташа ластану» деңгейіне түсті.
  • Солтүстік Каспийде мыс, темір, хром элементтерінің артық мөлшері тіркелген.
  • Орта Каспийде мұнай өнімдері нормадан 2,3 есе артық болған кезеңдер бар.
  • 2019 жылы су сапасы «5-класс» деп бағаланды, яғни барлық мақсатта пайдалануға жарамсыз.

Жойылып кету қаупі

Каспий итбалығы

  • Соңғы 100 жылда популяциясы 90%-ға азайды (1,2 млн-нан <100 мыңға).
  • Көбеюі мұз қабатына тәуелді, ал соңғы 20 жылда қысқы мұз 40%-ға қысқарды.
  • Егер теңіз деңгейі 5 м төмендесе, итбалықтардың көбеюіне жарамды аумақ 81%-ға қысқарады.

Бекіре тұқымдас балықтар

Белуга, севрюга, орыс және парсы бекіресі сияқты алты түрге жойылып кету қаупі төніп тұр. Өзен сағаларының тайыздануы және браконьерлік олардың көбеюіне кедергі келтіруде.

Сарапшылар пікірі

«Каспий теңізінің тартылуы – климаттың өзгеруі мен антропогендік факторлардың нәтижесі. Бұл тек экологиялық емес, экономикалық қауіп те туғызады. Біз Арал трагедиясының қайталанбауы үшін халықаралық деңгейде шешім қабылдауымыз керек», – деді Орталық Азия Климаттық қорының жобалық офисі жетекшісі Ерлік Қаражан.

2026 жылы Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммитте Каспий теңізінің проблемалары арнайы талқыланбақ.