Белгілі журналист Айгүл Аханбайқызы дүниеден озды
Айгүл Аханбайқызы өз өмірін ұлттық журналистиканы дамытуға арнады

Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналист, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері Айгүл Аханбайқызының өмірден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айгүл Аханбайқызы өз өмірін ұлттық журналистиканы дамытуға арнады. Ақпарат кеңістігінде айқын із қалдырған қаламгер студенттік шағынан бастап-ақ баспасөз саласында еңбек етіп, республикалық жетекші басылымдарда қалам тербеді.
«Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Халық сөзі», «Егемен Қазақстан» секілді газеттерде жауапты қызметтер атқарып, өзінің кәсібилігімен, ұлт руханиятына жанашырлығымен ерекшеленді.
«Өмірден озғанына қарамастан, Айгүл Аханбайқызының жарқын бейнесі, қаламгерлік қолтаңбасы әріптестерінің, оқырмандарының және барша қазақ журналистикасы қауымының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын», - деп атап өтті министрлік.