Кейін ақпараттың жалған екені анықталды
Ақтау – Шымкент бағытындағы рейсте жас әйел бомба барын айтып, дабыл тудырды. Кейін ақпараттың жалған екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Scat әуе компаниясының Ақтау – Шымкент рейсінде орын алған. Ұшақта шамамен 200 жолаушы болған.
Оқиға орнына жедел жеткен арнайы қызмет өкілдері әуе кемесін толықтай қарап шыққанымен, ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.
Куәгерлердің айтуынша, жас әйелдің мұндай әрекетке баруына эмоциялық күйзеліс себеп болуы мүмкін.
Жолаушы ұсталып, тергеуге алынды. Көліктегі полиция департаменті бұл деректі растады.
Линейлік полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы жалған хабарлама» бабымен іс қозғады.
Тергеу жалғасып жатыр. Қосымша мәліметтер жарияланбайды.