Ағасы екі жылдан бері бүйрек жетіспеушілігімен күресті
Шымкентте інісі ағасына бүйрегін беріп, ажалдан арашалап қалды. Қазір ағайынды екі жігіт те өздерін жақсы сезініп жүр, ауруханадан шығып, үйлеріне қайта оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Әлихан екі жыл бойы ауыр диагноз – бүйрек жетіспеушілігімен күресті. Әр күн – денсаулық үшін күрес болды: гемодиализ аппаратында ұзақ уақыт отыру, шетелде емделу туралы ойлар және уақыт жетпей қала ма деген қорқыныш.
Соңында туған інісі маңызды қадамға барып, өз бүйрегін беруге шешім қабылдады.
«Мен екі жылдан бері есепте тұрмын. Ота жасалды. Біз мұнда бір аптадан астам уақыт болдық. Құдайға шүкір, қазір өзімді жақсы сезінемін. Креатинин төмендеді, бәрі қалыпты», – деді Алихан Айдаров.
Дәрігерлердің айтуынша, донор да, реципиент те барлық қажетті тексеруден өтіп, келісім берген. Ота сәтті өтті. Бұған дейін қан қысымы шектен тыс жоғары болған Әлиханда көрсеткіштер тұрақталды.
«Әлиханды отаға дайындағанда қысым 200-220-ға дейін жетті. Біз 180-мен бастадық. Қазір ол 120-130 деңгейінде тұрақтады. Креатинин 140-қа дейін төмендеді. Жалпы жағдайы жақсы», – дейді хирург-дәрігер Улжан Мұқанова.
Шымкентте бұл – бүйрек ауыстыру бойынша 239-шы сәтті операция. Дегенмен әрбірі – бір адамның өмірін сақтап қалу және болашаққа үміт сыйлау.