$ 537.34  623.05  6.65
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бішкекте Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші ашылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

Бішкекте Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші ашылды
Фото: Ақорда

Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттер басшылары Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Монумент қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған. Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы бастамашы болған бұл жоба екі ел басшылары тарапынан қолдау тапқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткішті ашу рәсімінде бүгін қазақ пен қырғыз үшін ерекше күн екенін атап өтті.

«Мұны екі ел бауырластығының айқын көрінісі және қырғыз халқының қазақ жұртына деген айрықша құрметінің белгісі деп білеміз. Ең алдымен, осы игі бастамаға қолдау көрсеткен Президент Садыр Жапаровқа зор алғыс айтамын. Бүкіл Қырғыз еліне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл жер тарихи шаһардағы рухани орталықтың біріне айналады деп сенемін. Былтыр Астанада Айкөл Манасқа ескерткіш қойылды. Мұндай бастамалар туысқан елдердің достығы мен ықпалдастығын нығайта түсері сөзсіз. Шын мәнінде, қазақ пен қырғызға бір-бірінен жақын жұрт жоқ. Біз – бір туған елміз. Қанымыз бен жанымыз – бір, тамырымыз бен тарихымыз – ортақ. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз әлдеқашан уақыт сынынан өткен. Барша әлем бауырластығымызға куә болып отыр. Біз баға жетпес байлығымыз – ырысты ынтымағымызды сақтай білуіміз керек», – деді Қазақстан президенті.

Серіктес жаңалықтары