Олардың көлігінен 275 дана вейп табылды
Жетісу облысында ерлі-зайыпты заңсыз электронды темекі сатып жүрген жерінен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Талдықорған қаласында бақылау сатып алуы ұйымдастырылып, оның аясында «1» деген бүркеншік есіммен тіркелген азаматша WhatsApp мессенджері арқылы жергілікті 27 жастағы «2» азаматтан электронды құрылғыны сатып алған. Тауарды жеткізуді «К» есімді курьер жүзеге асырған.
Операцияның әрі қарай жалғасуы барысында «2»-нің жұбайы, 28 жастағы жергілікті тұрғын «3» ұсталды. Оның Toyota автокөлігінен полицейлер 275 дана электронды тұтыну жүйелерін (вэйп) тауып, тәркіледі.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары клиенттерге тауарды такси жүргізушісі кейпінде жеткізіп жүрген 20 жастағы «3» азаматты ұстады.
«Электронды темекі тұтыну жүйелері денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізіп, әсіресе жастар арасында тәуелділік қалыптастырады. Вэйптерді мамандар «заманауи вирустардың» бірі деп атап, келер ұрпаққа теріс әсерін тигізетінін ескертеді.
Жетісу облысының полициясы еске салады: шылымсыз темекі өнімдерін, электронды тұтыну жүйелерін (вэйп), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сату және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл, 200 сағатқа дейінгі түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейінгі қамауға алу қарастырылған», – делінген облыстық ПД хабарламасында.