Қазақстанда апатты жағдайда тұрған 20 су қоймасы жөнделеді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда 76 су шаруашылығы нысаны іске қосылады

Экология, геология  және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті «ҚазСушар» РМК дерегі бойынша Қазақстанда құны 149 млрд теңгені құрайтын 76 жаңа су шаруашылығы нысаны іске қосылады. 46 нысанның құрылысы республикалық бюджеттің есебінен жүзеге аспақ, оның жалпы құны 79 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, Еуропалық даму және қайта құру банкі мен Ислам даму банкінің заемы арқылы 30 нысан пайдалануға берілмек.

Айта кетейік, «Қазсушар» РМК жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында 2016 жылдан бері еліміздің 9 облысы (Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, ШҚО, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстары) бойынша апатты жағдайдағы 20 гидротехникалық нысан қайта жөнделуде. 2016-19 жылдары аралығында 11 нысан пайдалануға берілді. Қалған 9-ы биыл іске қосылмақ (Павлодар облысы – 3, ШҚО – 3, Алматы облысы – 1, Түркістан облысы – 1 және Қостанай облысы – 1 жоба).

Сондай-ақ, 2021 жылдың соңына дейін Павлодар мен Ақтөбе облыстарында тұрақты және милеративті суару жүйесі бойынша 21 жоба пайдалануға берілу жоспарлануда.

«Еуропалық даму және қайта құру банкінің заемдары аясында Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстары бойынша 24 келісімшарт жүзеге асырылмақ. Олардың жалпы сомасы 59 млрд теңге. Ислам даму банкінің заемдары негізінде Алматы және Түркістан облыстарында 6 жоба жүзеге асырылады. Оның жалпы құны 44 млрд теңге. Жалпы, құрылысы жүргізіліп жатқан 24 нысанда 314 техника, 705 жұмысшы мен инженерлік-техникалық қызметкер жұмылдырылған. Оның 453-і жергілікті тұрғын», - делінген хабарламада.

Су шаруашылығы нысандарындағы қайта жөндеу мен жаңарту жұмыстары келесідей нәтиже бермек:

-           Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл және Павлодар облыстарында жалпы аумағы 155 мың гектар, құны 134,8 млрд. теңге болатын жердегі суландыру жүйелерін қалыпқа келтіреді;

-           Апатты жағдайда тұрған 20 су қоймасы мен гидротехникалық нысанды қалыпқа келтіреді. Олар негізінен төтенше жағдай орын ала қалған кезде қауіптің бетін сейілтуге арналған. Су бөгеттері 299 601 адам тұратын 40 елді мекенді қорғап, су деңгейін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жинақталған және реттелетін судың көлемі артады.