Өскеменде үш жасар сәбидің 6-қабаттан құлап кеткені туралы ақпарат тарады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға 20 тамыз кешкі уақытта болды

Фото: istockphoto.com

Өскемен қаласында үш жасар сәбидің 6-қабаттан құлап кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желідегі мәліметке сүйенсек, оқиға 20 тамыз кешкі уақытта болды. Алтынша қабаттан құлаған сәби бірінші қабаттағы дәмхананың күнқағарының үстіне түске.

Оқиға орнына дереу полиция, құтқарушылар мен дәрігерлер жетті. ТЖД қызметкерлері дәрігерлерге бүлдіршінді абайлап төмен түсіруге көмектесіп, кейін оны Ана мен бала орталығына жеткізді.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала бірнеше жерінен жарақат алған, оның ішінде бас сүйек-ми жарақаты мен миының соғылуы бар. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр.

Полиция мәлімдегендей, оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтап, баланың қалайша қараусыз ашық терезенің қасында қалғанын тексеруде.