24 жастағы жігіт «қылмыстық авторитеттің» үйіне жақын маңда қаза тапқан
Армения қорғаныс министрі Сурен Папикянның кеңесшілерінің бірінің ұлы кісі өлтіру ісіне байланысты қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арменияның Прошян ауылында оқ тиген 24 жастағы жігіт табылған. Ол дереу ауруханаға түскенмен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары үш күдіктіні ұстады. Сот олардың қамауға алынғанын растады. Күдіктілердің арасында Арташес Тоноян да бар. Жергілікті БАҚ мәліметінше, ол – қорғаныс министрінің кеңесшісі, генералдың ұлы.
Көз жұмған жігіттің қылмыстық ортаға еш қатысы болмаған. Оның атышулы «Толстый Рустам» деген лақап атпен белгілі Рустам Степанянның үйінің жанында не себепті жүргені және оқ атылған сәтте қалай жарақат алғаны әзірге белгісіз.
Қылмысқа қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.