Әйел адам бар жиған-тергенін алаяқтарға беріп жібере жаздады
Алматы қаласында киберполиция ірі көлемдегі интернет-алаяқтықтың алдын алды. Құқық қорғаушылардың жедел әрекетінің арқасында тұрғынның 32 миллион теңгеден астам қаржысы сақталып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел іс-шара кезінде полицейлер қоғамдық орында күдік тудырған ер адамды байқаған. Ол бетперде тағып, қара көзілдірік киіп, сөмке асынып жүрген. Тексеру барысында оның сөмкесінен 27 миллион теңгеден астам қолма-қол ақша табылды.
Белгілі болғандай, ұсталған азамат алаяқтарға ақша жеткізуші – «дроппер» болған.
Тергеу барысында азаматшаны бірнеше күн бойы «арнайы іс-шараға қатысып жатырсың» деп алдағаны анықталды. Әйелге бейтаныс адамдар қоңырау шалып, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап еткен.
Полиция оны банк бөлімшесінен тауып, алаяқтарға 4 миллион теңге көлеміндегі соманы аударып үлгергенін анықтады. Дегенмен банк пен полицияның үйлесімді жұмысының арқасында бұл қаражат қайтарылды.
«Азаматтар бейтаныс қоңырауларға сенбеуі керек. Күмәнді жағдай туындаса, бірден полицияға хабарласқан жөн», – деді Алматы қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Жедел уәкілдер мен банк қызметінің үйлесімді іс-қимылының арқасында алаяқтардың қолына түсуі мүмкін 32 миллион теңге толықтай сақталып қалды.