Ақтөбе облысында әйелін жауыздықпен ұрып өлтірген ер адам небәрі 8 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Ол әйелін үнемі ұрып-соғып келген

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе қаласының №2 соты әйелінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда оның өліміне әкеп соққан ер адамды кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот барысында ер адамның әйелінің басынан бірнеше рет ұрғаны, содан кейін оның жағдайы күрт нашарлағаны анықталды. Әйел төсектен тұра алмаған, үйінен де шыға алмаған.

Жедел жәрдем алғаш рет шақырылғанда дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынғанмен, жәбірленуші одан бас тартқан. Екінші рет жәдел жәрдем шақырған кезде ол ауруханаға жеткізілген, бірақ жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

«Сот отырысы барысында сотталушының содан бір ай бұрын әйеліне зорлық-зомбылық көрсеткені расталды. Үйде оның бетінен үш рет ұрған, ал жәбірленуші өзін қорғамақ болғанда тағы екі рет ұрған. Әйел соққыдан құлаған, бірақ ол кезде ауруханаға бармаған.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, өлімге бас миының травматикалық ісінуіне қан кетумен жабық бас сүйек-ми жарақаты әкеліп соқтырған.

Сарапшылар ауыр зардаптың өлімнен бір күн бұрын болғанын және оған жеткілікті күшпен бір соққының әсерінен болуы мүмкін екенін анықтады. Жарақаттардың құлауынан немесе жәбірленушінің өзі болуы мүмкін емес. Оның қанынан алкоголь мен есірткінің іздері табылмады.

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Прокурор оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Сот іс материалдарын, сарапшылардың қорытындыларын және сарапшылардың айғақтарын зерделей келе, ер адамның әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен саралаған.

Жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар табылған жоқ.

«Сот сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, сот Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жедел жәрдем қызметінің жұмысында анықталған кемшіліктерді жою және алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу шараларын қолдануды талап етіп, жеке қаулы шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деп жазады ведомство.

Айта кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаев некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтіргені үшін 2024 жылы сот үкімімен 24 жылға сотталған болатын.