17 жастағы Дастан Сатпаев ел чемпионатында төртінші мәрте айдың үздік футболшысы атанды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Айдың үздік бапкері атағын «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин иеленді

Фото: instagram/d.satpayev

Кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясы футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы шілде айының үздік ойыншысы мен үздік бапкерінің атын атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталмыш ұйымның мәліметінше, «Үздік ойыншы» номинациясының иегері турнирге қатысушы командалардың капитандары мен бапкерлерінің дауыс беруі арқылы анықталды. Ал «Үздік бапкерді» командалардың бас бапкерлері өзара дауыс беру арқылы таңдады.

Нәтижесінде Алматының «Қайрат» клубының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев осымен төртінші рет айдың үздік ойыншысы атанды.

Дастан маусым айында Премьер-лигада үш матчқа қатысып, үш нәтижелі пас берген. Ал Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде төрт матч ойнап, екі гол соғып, екі нәтижелі пас шығарған.

Айта кетейік, наурыз айында «Қайраттың» жас жұлдызы Дастан Сәтпаев пен «Астана» клубының хорватиялық ойыншысы Марин Томасовпен бірге үздік ойыншы атанған еді. Одан кейін сәуір және мамыр айларында Дастан Сәтпаев жеке-дара үздік болған. Маусым айында Қостанайдың «Тобыл» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Ислам Чесноков үздік деп танылды.

Айдың үздік бапкері атағын «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин иеленді.

Оның бапкерлігімен «Қайрат» Премьер-лигада шілде айында үш матч өткізіп, екеуінде жеңіске жетті және бір ойын тең аяқталды. Чемпиондар лигасында «Олимпия» (Словения) және КуПС (Финляндия) клубтарының екі матчтың қорытындысы бойынша қапы қалдырды.