Олимпиададағы даулы жеңісінен кейін атышулы боксшы Иман Хелиф карьерасын аяқтады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оның бұрынғы бапкері шәкіртінің жағдайы туралы айтты

Фото: Richard Pelham / Getty Images

Алжирлік боксшы Иман Хелифтің бұрынғы бапкері әрі менеджері Нассер Йефсах шәкіртінің Олимпиададағы даулы чемпиондығынан кейін рингке шықпай қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Sport24.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Еске салайық, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Хелиф 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған болатын. Алайда турнир барысында оның 2023 жылы гендерлік тесттен өте алмай, биологиялық ер адам ретінде анықталғаны үшін әлем чемпионатынан шеттетілгені белгілі болды. Олимпиададан кейін Иман кәсіби боксқа ауысатынын айтқан.

«Иман тек Ниццадан ғана кеткен жоқ, ол жалпы бокстан кетті. Nice Azur Boxe клубы кәсіби келісімшарт ұсына алған жоқ, өйткені қаржысы болмады. Оның Сингапурда бір жекпе-жегі өтті, бастапқыда бесеуін өткізу жоспарланған, содан кейін кәсіпқой келісімшартқа қол қоюы тиіс еді. Бірақ келіспеушіліктерге байланысты бұл жүзеге аспады.

Қазір ол бәрін тоқтатты. Ол әлі есін жиған жоқ, мүлде рингке шықпай жүр. Олимпиададағы жағдайдан кейін... Қалай болғанда да, ол кәсіби спортқа өтсе, қайтадан сол тесттен өтеді. Қазір Алжирде жаттығады немесе Қатардың Ұлттық орталығына барып дайындалады, бірақ одан басқа ешнәрсе жоқ. Ол көбіне демеушілік келісімшарттардың арқасында сапарға шығады», — деді Нассер Йефсах.