«Өмірім зомби сияқты болды»: Шымкент тұрғыны үйінен қалай айырылып қалғанын айтты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол телефон арқылы алаяқтардың құрбаны болғанын айтты

Фото: istockphoto.com

Шымкент қаласының 64 жастағы тұрғыны телефон алаяқтарының құрбанына айналды. Банк қызметкері болып танысқан қаскөйлер зейнеткерге оның пәтері аукционға қойылғанын айтып сендірген. Үздіксіз психологиялық қысымнан қажыған зейнеткер баспанасын арзан бағаға сатып, барлық ақшасын алаяқтарға аударған. Келеңсіз оқиғаның бәрі қарапайым телефон қоңырауынан басталған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкент тұрғыны Надежда Самогородскаяға белгісіз адамдар қоңырау шалып, пәтерінің аукционға шығарылғанын хабарлаған. Олар банк қызметкерлеріміз деп танысып, әйелдің атынан сенімхат рәсімделгенін айтқан. «Құтқару үшін» пәтерді жедел сатуды талап еткен.

«Банкке бір адам келді, сенімхат бар дейді, сіз ауруханада жатырсыз, отаға шұғыл ақша керек деп жазылған. Сіз пәтерді сатуға рұқсат бергенсіз дейді. Мен ештеңеге келіспедім деп едім, күн сайын қайта-қайта қоңырау шала бастады. Алаяқтардан сақтануыңыз керек, пәтерді сатасыз, екі күннен кейін әрі ақшаңызды, әрі пәтеріңізді қайтарамыз» деп айтты», – дейді зардап шегуші.

Қоңыраулар тоқтамаған. Алаяқтар сағатына бірнеше рет хабарласып, әр қадамын бақылап отырған. Туыстарына айтпауды қатаң ескертіп, «айтсаң, жақындарың зардап шегеді» деп қорқытқан. Үздіксіз психологиялық қысымға төтеп бере алмаған әйел гипноздағыдай олардың айтқанының бәрін орындай бастаған.

«Сағат сайын қоңырау шалатын. Тіпті киім ауыстырсам, «қайда бара жатырсыз, ұзаққа кетпеңіз» деп сұрайтын. Өмірім зомби сияқты болды, айтқандарын түгел орындадым. Бастапқыда пәтерді 10 миллионға қояды, кейін 4,5 миллионға дейін түсірді. Сосын нотариуста кездестік, мені үнемі бақылап отырды. Сату рәсімі өтті, ал ақшаны банкомат арқылы әртүрлі шоттарға аударуымды талап етті. Ақыры 4,5 миллион теңгені Плазадағы банкоматтан түрлі есепшоттарға аудардым», — дейді Надежда Самогородская.

Келісімнен кейін Надежда Николаевна полицияға арыз берген. Алайда оның айтуынша, істі қабылдаудан бас тартып, бірнеше күн бойы әр аудандық бөлімге жіберген. Қазір тергеу басталды.

«Азаматшаның арызы негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізілуде», — деп хабарлады Шымкент полиция департаменті.

Қазір әйел сот арқылы мәмілені жарамсыз деп тануға және пәтерін қайтаруға үміттеніп отыр. Ақшаны қайтару мүмкін емес, бірақ адал сатып алушыға шығынды өтеуге дайын екенін айтады.

Надежданың басынан кешкен қиындығы осыған дейін басқа да адамдарда да кездескен. Осындай айла-тәсілдер барған сайын күрделеніп, алданғандар саны артып келеді. Құқық қорғаушылар тағы бір мәрте ескертеді:

  • Жеке деректеріңізді телефон арқылы бермеңіз;
  • Қорқынышты сценарийге құрылған қоңырауларға сенбеңіз;
  • Бөгде адамдардың нұсқауымен ақша аудармаңыз;
  • Егер сізге банк немесе мемлекеттік орган атынан қоңырау шалынса, әңгімені тоқтатып, жақын жердегі бөлімшеге өзіңіз барыңыз.