Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді
Абай облысында көлік қағып, ауыр жараланған балаларды санавиацияның арнайы бортымен Астанаға жеткізді. Елордалық дәрігерлер науқастардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, санитарлық авиация желісі арқылы екі бала №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта олар реанимация бөлімінде мамандардың бақылауында жатыр.
«Балалардың жағдайы ауыр, олар бірнеше жерінен жарақат алған. Сүйектері сынып, травматикалық шок алған. Қажетті медициналық көмектің барлығы толық көлемде көрсетіліп жатыр, тиісті тексерулер мен ем-шаралар жүргізілуде», – деп хабарлады басқарма.
Дәрігерлер жағдай толық бақылауда екенін атап өтті.
Еске салайық, 19 тамыз күні Үржарда көлік қағып кеткен үш бала қаза тапқаны, тағы үшеуі ауыр халде жатқаны хабарланды. Көлік қағып кеткен балалар ата-әжесіне қыдырып барған. Ауруханаға түскен үш баланың екеуін санавиация Астанаға жеткізетін болды.