«340 млн теңге жинап берген»: Астанада балалардың ұсталуына қатысты комитет мәлімдеме жасады

Автор: Мөлдір Қазыбай

2008-2010 жылдары туған 8 жасөспірім анықталған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті кәмелетке толмағандарды волонтерлікке және заңға қайшы әрекеттерге тартудың заңдылығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осыған дейін Астанада жасөспірімдерді қолдана отырып, қоғамдық орындарда заңсыз ақша жинау деректері тіркелгені хабарланған болатын.

Астаналық прокуратураның мәліметінше, 2008-2010 жылдары туған 8 жасөспірім анықталған. Олармен ешқандай келісімшарт жасалмай, 3 қайырымдылық қоры волонтер ретінде тартқан.

Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген комитет өкілдері кәмелетке толмағандардың кез келген қызметі, оның ішінде волонтерлік жұмысы Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкес жүргізілуі тиіс екенін еске салды.

«Волонтерлік қызмет туралы» заңға сәйкес, волонтер бола алатын тұлға – 18 жасқа толған азамат, 18 жасқа толмағандар волонтер бола алады, бірақ ол олардың денсаулығына, оқуына және дамуына зиян келтірмеуі тиіс;

16 жасқа дейінгі балалар үшін ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімі қажет.

«Кәмелетке толмағандардың еңбегі ҚР Еңбек кодексімен реттеледі. Жұмыс беруші еңбек шартына қол қоюға міндетті, әйтпесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал балаларды заңмен тыйым салынған қызмет түрлеріне тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеледі», – дейді комитет.

Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 132-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тартуға тыйым салынған. 2024 жылы осы бап бойынша 23 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.