Бес жұлдызды қонақүй мен қымбат мейрамхана: алаяқтыққа барған жігіт 8 млн теңге шығын келтірді

Автор: Асыл Арман

Алаяқтық жасаған азамат 3 жылға сотталды

Фото: istockphoto.com

Астана қалалық соты 5 ай бойы достарымен бес жұлдызды қонақ үйлерде тұрып, қымбат мейрамханаларда кешкі ас ішкен, сондай-ақ элиталық дүкендерден киім-кешек сатып алған азаматты 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыстың мән-жайы

Сотталушы банк атынан расталмаған төлем тапсырмаларын пайдаланып, жәбірленушілерге 8 млн теңгеден астам шығын келтірген. Ол төлем құжаттарын банктік қосымша арқылы жіберген, бірақ шотта қаражат болмаған. Жәбірленушілер түпнұсқаны тексермей, тауарлар мен қызметтерді көрсеткен.

Өз мойындауы

Сотталушы кінәсін толық мойындап, әлеуметтік желіде танымал болу мақсатында алаяқтық жасағанын, өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсеткенін айтқан.

Үкім мен кеңес

Материалдық шығын өндіріліп, үкім заңды күшіне енген жоқ. Қала прокуратурасы төлем құжаттарының дұрыстығын уақытылы тексеруге шақырады.