Келеңсіз оқиға Жетісу өңірінде болды
Жетісу облысында сүт өнімдерін қайта өңдеуге арналған 300 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидияның жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ЖШС басшысы екі жыл бойы жалған құжаттарды пайдаланып, «Ауыл шаруашылығы басқармасынан» 300 млн теңгеден астам қаржыны иемденген. Ол сүт өндірушілермен есеп айырысу актілерін қолдан жасап, май шығару көлемін асырып көрсеткен.
Заңсыз алынған қаражаттың 110 млн теңгесі күдікті тарапынан құмар ойындарға шығындалған.
Сот санкциясымен құны 300 млн теңгеден асатын зауытқа тыйым салынды. Күдікті үй қамаққа алынып, тергеу жалғасуда.