Оның қандай іс бойынша қамауда жатқаны айтылды
Шымкент қаласындағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының (№2) бұрынғы басшысы Жомарт Мұрашимов тергеу изоляторында көз жұмды. Бұл туралы оның адвокаты Талғат Есімов 19 тамыз күні өзінің Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Бүгін комада жатқан (қамаудан кома жағдайында жеткізілген) менің қорғауымдағы Жомарт Мұрашимов қайтыс болды», – деп жазды адвокат.
Қорғаушылар бұған дейін соттан Мұрашимовке қатысты бұлтартпау шарасын үй қамаққа немесе кепілге өзгертуді сұраған. Олардың айтуынша, айыпталушының денсаулығына ауыр дерт қауіп төндірген.
Сот барысында изолятордың медициналық бөлімі басшылығы шақырылып, олар Мұрашимовтың жағдайы «бақылауда» екенін жеткізген. Осыған байланысты сот оның қамауда қалуы туралы шешім шығарған.
Мәліметтерге сүйенсек, Жомарт Мұрашимов жүргізуші куәліктерін емтихансыз беру ісімен байланысты ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп айыпталған. Тергеу барысында оған «ҰҚТ құру және заңсыз жолмен куәлік беру» фактілері бойынша іс қозғалған еді.