Өзбекстанда коронавирус жұқтырған туристерге 5 мың доллар төленеді

Автор: Azattyq Rýhy

Өзбек үкіметі шетелдік туристерді көптеп тарту үшін біраз жеңілдіктер жасады

Фото: ашық дерек көздерінен

Өзбекстан коронавирус жұқтырған шетелдік туристерге 5 мың доллар төлейді, деп хабарлайды «Хабар 24». Көрші мемлекетке демалуға барған саяхатшылар індетке шалдықса, аталған ақша көлемінде ем-дом алады. Жергілікті билік бұған кепілдік беріп отыр. Қазір Өзбекстанда карантин талаптары жеңілдеп, мейрамханалар мен қонақ үйлер ашылды. Енді кәсіпкерлер қонақтардың қауіпсіздігін қорғауға міндетті.

«Әрбір қонағымыздың дене температурасын, аты-жөнін, телефон нөмірін жазып отырамыз. Егер кейін мейманнан коронавирус анықталса, ол біздің мейрамханада қашан және кіммен болғанын білуіміз шарт. Тамақтануға келген адамның жеке мәліметтерін жазғаннан кейін қолдарын тазалап, қажет болса, қолғап пен маска береміз», – дейді мейрамхана басқарушысы Рашида Каримова.

Қазір өзбек үкіметі шетелдік туристерді көптеп тарту үшін біраз жеңілдіктер жасады. Солардың бірі – сақтандыру өтемақысы. Дәлірек айтқанда, Өзбекстан ел ішінде коронавирус жұқтырып алған әрбір жиһанкезге 5 мың доллар төлемек.

«Туроператор арқылы келген турист мейрамханада, қонақ үйде, әлде туристік орындарда коронавирус жұқтырып алса, онда мемлекет оған 5 мың доллар төлеуге дайын. Бұл қаражат науқасты біздің елдің ішінде емдеуге жұмсалады», – дейді Гулноза Одилова, Өзбекстан гастрономиялық туризм қауымдастығының төрайымы.

Батпандап кірген коронавирус кеселі мейрамханалар мен қонақ үйлердің жұмыс тәртібін өзгертті. Олардың жаңа талаптарға көнуден басқа амалы жоқ. Енді кәсібін қадамдап болмаса да, табандап дамытуды ойлап жүр. Туристерді күтіп отырғандары да сондықтан. Алайда көрші ағайын шетелдік демалушылар үшін шекарасын қашан ашатыны әзірге белгісіз.