Оқиғаға қатысты Полиция департаменті түсініктеме берді
Алматы қаласының Бостандық ауданында Hyundai Sonata мен ГАЗель соқтығысып, инерциямен екеуі де ағашқа барып соғылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 18 тамыз күні шамамен 19:20-да Алматы қаласының Бостандық ауданында болған. Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Hyundai Sonata жүргізушісі жолақ ауыстыру кезінде бір бағытта келе жатқан ГАЗель көлігімен соқтығысқан.
«Соқтығысқаннан кейін екі көлік те инерциямен ағаштарға соғылған», – деп нақтылады полиция өкілдері агенттікке берген түсініктемесінде.
Жол апаты салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, алайда екі автомобиль де зақымданды. Қазіргі уақытта Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Желіде оқиға орнынан куәгерлер түсірген бейнежазбалар да тарады.