Банктің қара тізімінде тұрған адамдарға несие алып берген компания басшысы істі болды

Автор: Асыл Арман

Алматыда «Comfort Time» ЖШС басшылығына 399 млн теңгелік несие алаяқтығы бойынша тергеу басталды

Фото: ҚМА

Алматыда «Comfort Time» ЖШС басшылығына және байланысты кәсіпорындарға қатысты 399 млн теңгеге қайтарылмаған несиелер бойынша алаяқтық ісі тергеліп жатыр. Тергеу мәліметінше, күдіктілер жалған зейнетақы аударымдары арқылы банктерді алдап, жұмыссыз және теріс несие тарихы бар азаматтардың атына несие рәсімдеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалған зейнетақы аударымдары арқылы несие рәсімделген

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар бірнеше заңды тұлға тіркеп, олардың атынан несие рәсімдеуді көздеген.

Ол үшін іс жүзінде еңбек қатынасына қатысы жоқ азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдары жүргізілген.

399 млн теңгеге қайтарылмаған 140 несие

Жалған табыс деректерінің негізінде банктер несие рәсімдеген. Ұйымдастырушылар әр қарыздан 10%-ға дейін «сыйақы» алып отырған.

Көп жағдайда қарыз алушылар банктер алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарған.
Осылайша, жалпы сомасы 399 млн теңге болатын 140 несие қайтарылмай қалған.

Қарыз алушылар – жұмыссыздар мен теріс несие тарихы бар тұлғалар

Көбіне несие алушылар қатарында жұмыссыз азаматтар немесе несие тарихы нашар тұлғалар болған.

Мұндай фактілер Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында анықталды.

Халықтың қарыз жүктемесі артып отыр

Мамандардың айтуынша, мұндай заңсыз схемалар халықтың қарызға батуын одан әрі күшейтеді. Себебі алаяқтық жолмен несие рәсімдегендер бір уақытта бірнеше банктен қарыз алып, қарыз жүктемесін еселеп өсірген.

Тергеу жалғасуда

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.