БҚО-да мас күйде көлік жүргізген ер адам сотталып, түрмеден бір-ақ шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Тағы бір әйел адам темір торға қамалды

Фото: Freepik.com

Орал мен Ақжайықта жүргізуші куәлігінен айырылған екі тұрғын қайтадан көлік айдағаны үшін сотталды. Біріне 15 тәулік қамау жазасы берілсе, екіншісі мас күйінде рөлге отырғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ««Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Орал қаласының тұрғынын жүргізуші куәлігінен айырғанымен, ол көлік айдауын тоқтатпаған. Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың мәліметінше, 2024 жылы әйел осындай құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеген. Алайда 2025 жылдың 8 шілдесінде тағы да рөлде отырған жерінен ұсталды. Сот отырысында әйел кінәсін мойындап, өзін айыппұлмен жазалауды сұрады.

Заңға сәйкес, көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің қайтадан көлік айдауы – әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады. Сот әйелдің осыған дейін екі мәрте айыппұл төлеуіне қарамастан, заңды бұзуды жалғастырғанын ескеріп, оған 15 тәулікке қамау жазасын тағайындады. Қаулы заңды күшіне енді.

Осыған ұқсас жағдай Ақжайық ауданында да тіркелді: жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік айдаған. Сонымен қатар ол рөлге мас күйінде отырған. Іс материалдарына сәйкес, ер адам бұған дейін есірткілік масаң күйде көлік жүргізгені үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Жүргізуші кінәсін толық мойындады, бұдан бөлек кінәсі іс материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен ер адам ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған бір жыл бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.