Қайғылы оқиға бүгін сағат 17:40-та болды
Астанада 50 шақырым жерде жекеменшік ұшақ құлап, бірнеше адам қаза болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желідегі мәліметке сүйенсек, ұшақ апаты Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Төңкеріс ауылының маңында болды. Әуе көлігі жерге қатты қонып, апатқа ұшырады.
Ақмола облысының Полиция департаменті агенттік тілшісіне берген пікірінде оқиғаны растады.
«Жеке ұшақтың құлау фактісі бойынша тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады», - делінген агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қайғылы оқиғаның мән-жайы туралы түсініктеме берді.
«2025 жылғы 17 тамыз күні сағат 17:40-та Ақмола облысында жалпы авиация желісі бойынша ұшуды орындау кезінде Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы ұшағы авиациялық оқиғаға ұшырады. Әуе оқиғаларын тергеу қағидаларына сәйкес комиссия құрылды.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері апат орнына шықты», - дейді облыстық ТЖД.
Көліктегі Полиция департаменті егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.
«Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы UP-LА 229 маркалы жеке жеңіл әуе кемесінің апатқа ұшырауы фактісі бойынша ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.
Апат салдарынан екі адам – ұшқыш пен жолаушы қаза тапты. Апаттың себептері анықталуда.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - делінген Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің агенттік тілшісіне берген пікірінде.