Трансплантациядан кейін науқастарға МӘМС арқылы көмек көрсетіледі – ДСМ

Автор: Дәулет Ботагөз

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ережелерді түсіндірді

Фото: pixabay

Денсаулық сақтау министрлігі трансплантациядан кейінгі науқастардың медициналық көмегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті аясында жалғасатынын мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл өзгерістер қолда бар көмекті қысқартпайды, керісінше, ем-домға қолжетімділікті кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Иммуносупрессивті дәрілер тегін беріледі

Вице-министр Ержана Нұрлыбаева атап өткендей, барлық пациенттерге өмірлік маңызды иммуносупрессивті препараттар тегін берілуді жалғастырады.

«Сіздерге Кодекспен кепілдендірілген медициналық көмектің көлемі сақталады. Иммуносупрессивті дәрілік заттар үздіксіз қамтамасыз етіледі», – деді ол.

Қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістер

Жаңа тәртіп бойынша:

  • Мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакеті – негізгі ауру бойынша емді қамтамасыз етеді;
  • МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті) – қосымша дәрілерге және қатар жүретін ауруларды емдеуге қолжетімділікті кеңейтеді;
  • Мемлекет жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жарнаны өзі төлейді.

Қазақстанда қанша науқас бар?

Қазіргі таңда елімізде 3500-ден астам адам орган немесе тін трансплантациясынан кейін өмір сүріп жатыр. Олардың 99%-ы – сақтандырылған азаматтар.

Министрлік өкілдері пациенттік ұйымдармен тұрақты байланыста жұмыс істейтінін және ұсыныстарды есепке ала отырып, жобаны жетілдіретінін жеткізді.

Қазақстандағы трансплантация жүйесі

Қазақстанда трансплантация саласы соңғы онжылдықта дамып келеді. Науқастардың негізгі бөлігі бүйрек және бауыр трансплантациясын бастан өткерген. Бұл науқастарға өмір бойы иммуносупрессивті препараттар қажет. Осы себепті мемлекет оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кепілдік береді.