Күдікті изолентаға оралған есірткі орамдарын жасырын орындардан алып, «қойма» жасаумен айналысқан
Астанада есірткі таратты деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше күдікті Жұбанов көшесіндегі үйлердің бірінің жанында тоқтатылған.
«Тінту кезінде жедел уәкілдер оның қалтасынан өзіне тән иісі бар көк түсті зат салынған 10 түйіншек тапты. Бұдан кейін «Honda» маркалы автокөліктің салонын тінту барысында дәл сондай зат салынған тағы 11 түйіншек алынды», - дейді полицейлер.
Тәркіленген зат сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде орамдарда синтетикалық есірткі – «альфа-PVP» бары анықталды.
«Ер адамға есірткі таратушы ретінде жұмыс істеуді «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы ұсынғаны белгілі болды. Ол арнайы дайындалған, изолентаға оралған есірткі орамдарын жасырын орындардан алып, «қойма» жасаумен айналысқан», - деп жазылған хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды синтетикалық және өзге де есірткі құралдарын, психотроптық заттарды «қойма» тәсілімен, яғни есірткіге жасырын орындар жасау арқылы таратуға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.