Мейрамханада кешкі асын төлей алмай, әкімшіні өлтірген: ер адам 18 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Қанды оқиға Талдықорған қаласында болды

Фото: istockphoto.com

Талдықорғанда қонақүй әкімшісін қатыгездікпен өлтіріп, тіркеу орнына от қойған қылмыскер сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыс 2025 жылдың мамырында болған. Айыпталушы жеке шаруасымен Талдықорғанға келіп, қонақүй бөлмесін жалдаған. Қонақүй жанындағы мейрамханада кешкі асын төлей алмай, ақшаны келесі күні әкелуге уәде берген.

Сотта анықталғандай, ол қарызын өтеу үшін ресепшннен ақша ұрламақ болған. Әкімші ұйықтап жатқанын көріп, электр қуатын ажыратып, қолма-қол ақша іздей бастаған. Ақша таппаған соң төлем терминалын алған. Сол сәтте әкімші оянып, полиция шақырмақ болады.

«Айыпталушы әйелдің телефонын жұлып алып, бірнеше рет ұрып, кейін оны өрт сөндіргішпен және қайшымен ұрып өлтірген. Қылмыстан кейін ол бірнеше ұялы телефонды ұрлап, айғақтарды жою үшін тіркеу орнын өртеген», – деді сотта.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айырды. Жәбірленушілердің пайдасына 18 миллион теңгеден астам материалдық және моральдық өтемақы өндіру шешімі шығарылды.