Жетісу облысында прокурорлардың араласуымен 181 жұмысшыға 30 млн теңгеден астам жалақы мен үстемеақы төленді
Жетісу облысында прокурорлар араласқаннан кейін жұмысшылардың еңбекақы және үстеме жұмыс үшін тиесілі төлемдері толық берілді. Жалпы өтелген сома 30 млн теңгеден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру кезінде «Жаркент Фрукт» ЖШС 66 қызметкеріне 16 млн теңгеден астам еңбекақы төлемегені анықталды. Бұл олардың Конституцияның 24-бабында бекітілген еңбекақы алу құқығын бұзған.
Сонымен қатар, Текелі қалалық ауруханасында 115 медицина қызметкері белгіленген кестеден тыс жұмыс істегенімен, үстемеақысын ала алмаған. Қарыз мөлшері — 15 млн теңгеден астам.
Панфилов ауданы мен Текелі қаласының прокурорлары енгізген қадағалау актілерінің нәтижесінде жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал қызметкерлердің еңбегі толық өтелді.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 181 жұмысшының құқықтары қалпына келтірілді.