Астық жинау науқаны: Қазақстанда алғашқы 10 күнде 1,6 млн тонна астық жиналды

Автор: Асыл Арман

10 күннің ішінде 1,1 млн гектар алқап орылды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның 12 өңірінде егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр, алғашқы 10 күнде 1,6 млн тонна астық жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, тәуекелдерді азайту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейту басты назарда.

1,1 млн гектар алқап орылды

Соңғы деректер бойынша:

  • 1,1 млн гектар (дәнді дақылдардың 6,6%-ы) орылды;
  • 1,6 млн тонна астық бастырылды;
  • 17,4 мың тонна майлы дақыл,
  • 363,5 мың тонна картоп,
  • 1,3 млн тонна көкөніс,
  • 1,6 млн тонна бақша өнімі жиналды.

Жаппай егін жинау тамыздың үшінші онкүндігінде басталады

Ел бойынша егін жинау жұмысына:

  • 139 мың трактор,
  • 31 мың астық жинайтын комбайн,
  • 17 мың орақ,
  • 130 мың басқа да техника жұмылдырылмақ.

Қазіргі уақытта техниканың дайындық деңгейі 93%.

Шаруаларға арзандатылған дизель отыны бөлінді

Өңірлерге егін жинауға 402 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бағасы – 254 теңге/литр, бұл нарықтық бағадан 18–20%-ға арзан.