Бектенов Қырғызстандағы қазақстандық шипажайлардың құрылысын тексерді

Автор: Алмас Ерсін

«Қазақстан» шипажайының жаңа ғимаратының құрылысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Қырғызстандағы қазақстандық шипажайлардың құрылыс барысы мен реконструкциялау жоспарларымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр

Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысу үшін Шолпан-Ата қаласына (Қырғызстан) барды. Келген бетте «Қазақстан» шипажайының жаңа ғимаратының құрылыс алаңында болып, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев пен ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың Қырғызстанда орналасқан қазақстандық курорттық-рекреациялық төрт нысанның жағдайы туралы баяндамаларын және инвесторлармен серіктестікте оларды кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарларын тыңдады.

«Премьер-министрге «Қазақстан» шипажайының жаңа ғимараты құрылысының жоспарлы түрде жүргізіліп жатқаны: демонтаждау және құрылыс орынын дайындау жұмыстары аяқталғаны, негізгі корпустардың, коттедждер мен шаруашылық блоктардың іргетасы мен монолитті қаңқасын салу жалғасып жатқаны туралы баяндалды», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ 500 орындық «Самал» демалыс үйіне жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазірдің өзінде инвестор анықталып, инвестициялық келісімнің жобасы дайындалып, жыл бойы жұмыс істейтін 3-4 жұлдызды заманауи қонақ үй салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

«Университетке» инвестор тартылады

Бостери (Ыстықкөл облысы) ауылындағы «Университет» спорттық-сауықтыру лагері бойынша курорттық-рекреациялық аймақты дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Нысанды реконструкциялау бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Аталған нысан базасында қазақстандық спортшыларды жаттықтыруға арналған спорттық инфрақұрылым – спорт залдары, бассейндер және тағы басқа нысандар құрылады.

«Сондай-ақ қазақстандық инвестормен бірлесіп «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығын жөндеу, жұмыс істеп тұрған нысандарды реконструкциялау және қосымша спорт ғимараттарын салу мәселесі пысықталуда», - дейді мамандар.

Премьер-министр жауапты министрліктер мен мүдделі мемлекеттік ұйымдарға жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді және реконструкциялауды бастау үшін қажетті рәсімдерді жеделдетуді тапсырды. Жұмыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің бақылауында.