Үкімет бұл процесті толық бақылауда ұстап отыр
Энергетика министрлігі елімізді АИ-95 маркалы бензинмен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше қазіргі таңда маусымдық сұраныстың артқаны байқалады. Осыған байланысты министр Ерлан Ақкенженов «ҚазМұнайГаз» АҚ басшылығымен, ірі жанармай құю станцияларының (ЖҚС) өкілдерімен және мұнай өнімдерін жеткізушілермен кеңес өткізді.
«Кездесу барысында еліміз бойынша АИ-95 бензинінің қоры 67 мың тоннаны құрайтыны айтылды. Бұл 16 күндік тұтыну деңгейіне сәйкес келеді. Қор жедел түрде толықтырылып отырады, оған отандық мұнай өңдеу зауыттарының күнделікті өндірісі негіз деуге болады», - деп жазылған хабарламада.
2025 жылғы шілде айында тұтыну деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті. Тамыз айында сұраныс одан әрі артады деп болжанып отыр. Осыған байланысты Энергетика министрі Үкіметтің басты міндеті қазақстандықтарды тапшылық пен бағаның тұрақсыздығынан қорғау екенін атап өтті.
«Сұраныстың маусымдық артуы – штаттық және алдын ала болжанған жағдай. Үкімет бұл процесті толық бақылауда ұстап отыр. Мен нарықтың барлық қатысушыларынан отынның үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді және алыпсатарлық әрекеттерді болдырмауды талап етемін. Азаматтар үшін бензин тапшылығы болмайды», – деді Энергетика министрі.
Кеңес қорытындысы бойынша министр мұнай базалары мен ЖҚС-тарда АИ-95 бензинінің ең төменгі қорларын қамтамасыз ету, өңірлерге үздіксіз жеткізу үшін бензин тасымалына уақтылы келісімшарттар жасау, кез келген ықтимал тәуекелдер туралы министрлікке жедел хабарлау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.
Энергетика министрлігі бензин нарығына қатысушылардың жұмысын күнделікті үйлестіруді жалғастырады. Мақсат – барлық қазақстандықтар үшін бензин бағасының тұрақтылығы мен болжамды қажеттіліктерді қамтамасыз ету.