Павлодардағы адам шошырлық оқиға: 5-қабаттан құлаған бүлдіршін ауруханадан шықты

Автор: Асыл Арман

Анасы әлі жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр

Фото: istockphoto.com

Павлодарда 30 шілде күні әйел адам екі баласымен бірге терезеден секірген еді. Жеті жасар ұл бала ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы қанағаттанарлық:

«Динамикасы оң. Бір ай бойы қатаң төсектік режим сақтау қажет, кейін тұрғылықты жері бойынша орталықта бір жылдық оңалту жүргізіледі», – деп нақтылады ведомство.

Ал баланың анасы әлі де жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр, бірақ есін біледі. Сынықтарына байланысты оған бірнеше операция жасалған.

Еске салайық, 30 шілдеде алдын ала мәлімет бойынша, анасы екі баласын кіреберіс терезесінен лақтырып, артынша өзі секірген. Үшеуі де ауруханаға жеткізілген.