Оралда мас күйде рульге отырып, жасөспірімді қағып кеткен жүргізуші сотты болды

Автор: Асыл Арман

Ол жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылды

Фото: freepik.com

Оралда мас күйінде рульге отырып, жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіге үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

MAZDA 3 автокөлігінің жүргізушісі алкогольдік масаң күйде рульге отырып, жол бойымен келе жатқан кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жасөспірім жеңіл жарақат алып, миы шайқалып, гематома мен көгерулер пайда болған. Оқиғадан кейін жүргізуші оқиға орнынан бой тасалаған.

Орал қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты ер адамды ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі («Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы») бойынша кінәлі деп танып, оған 20 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушінің заңды өкілі моральдық зиянды өтеу үшін 500 мың теңге көлемінде азаматтық талап-арыз берген. Оның айтуынша, бұл оқиға «баланың және анасының қатты психоэмоционалдық күйзеліске түсуіне» себеп болған. Сот талапты ішінара қанағаттандырып, 350 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды.

«Сот барлық мән-жайды, оның ішінде алкогольдік масаң күй мен оқиға орнынан қашып кету, сондай-ақ жауапкердің мүліктік жағдайын ескерді», – делінген сот шешімінде.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ және шағымдану сатысында тұр.