Алматыда 85 жастағы әже ҰБТ тапсыруға келді

Автор: Алмас Ерсін

Бұл жолы компьютермен жұмыс істеу дағдысының жоқтығы тест тапсыруға кедергі болды

Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

Алматы қаласында өткен тамыз айындағы ҰБТ-ға ерекше қатысушы – 85 жастағы Нұрихан әже келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.

Жақындары қолдау білдірді

Ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ана жастық жоғары білімге қолы жетпегенін айтты.

Биыл Нұрихан апа көптен бергі арманын орындап, университетке түсу үшін ҰБТ тапсырып көруді ұйғарған. Жақындарының қолдауымен ҰБТ-ға тіркелді.

«Тестілеу күні балалары демеуші болып жанынан табылды. Емтихан басталар алдында Нұрихан апа талапкерлерге ақ батасын беріп, оқу мен білімге ұмтылу ешқашан кеш емес екенін жүрекжарды тілегімен жеткізді», - деп жазылған хабарламада.

Компьютер кедергі болды

Бұл жолы компьютермен жұмыс істеу дағдысының жоқтығы тест тапсыруға кедергі болды. Дегенмен Нұрихан апа компьютерді үйреніп, келесі жылы қайта келуге ниетті екенін айтты.

Еске сала кетейік, тамыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 тамызда басталды, ол 14 тамызға дейін жалғасады.

Тамыздағы ҰБТ-ға:

  • биылғы және өткен жылғы мектеп, колледж түлектері;
  • қандастар;
  • шетелдік оқу орындарының түлектері;
  • шығармашылық мамандықтан басқа бағытқа ауысқысы келетін студенттер;
  • педагогикалық бағытқа ауысатындар;
  • шартты түрде ЖОО-ға қабылданғандар қатысып жатыр.

Тамыздағы ҰБТ — жыл бойы өткізілетін қосымша тестілеудің бірі. Негізгі ҰБТ нәтижесімен қатар, тамыз айындағы көрсеткіш те ЖОО-ға қабылдау кезінде ескеріледі.