«Қазатомпромның» инвестициялық жобалары: Степногорск тұрғыны 3 млн теңгесінен айырылып қалды

Автор: Асыл Арман

YouTube-тегі жарнамаға сеніп қалды

Фото: freepik.com

8 тамызда Степногорск қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбаны болғаны туралы арызданды. Оның айтуынша, 27 маусым мен 18 шілде аралығында белгісіз адамдар «Казатомпромның тиімді инвестициялық жобалары» деген желеумен 3 миллион теңгеден астам ақшасын қағып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Менеджерлер» қомақты ақша аудартқан

Жәбірленуші YouTube платформасында жоғары кірісті инвестициялар туралы жарнаманы көріп, қызығып, телефон нөмірін қалдырған. Көп ұзамай оған өзін «компания менеджерлері» деп таныстырған адамдар хабарласқан.
Олар жоғары пайдаға сендіріп, қомақты соманы шоттарына аударуға көндірген. Ақша түскен соң алаяқтар байланысқа шықпай қойған.

Тергеу жүргізілуде

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерді анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Полицияның ескертуі

Ақмола облыстық ПД азаматтарға мынадай кеңес береді:

  • Жылдам әрі үлкен пайда уәделері – алаяқтықтың басты белгісі;
  • Бейтаныс адамдардың шотына ақша аудармаңыз, тіпті олар өзін белгілі ұйымның өкілі деп таныстырса да;
  • Ресми компаниялар инвестиция ұсыну үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер немесе белгісіз нөмірлер арқылы хабарласпайды.