Облыс тұрғындарының бірі 2 млн теңгесінен айырылып қалды
Cyberpol бөлімшесінің қызметкерлері халықты алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырады. Ақтөбе облысында алаяқтық қылмыстарды талдау кезінде олардың көпшілігі «Қазпошта» мемлекеттік мекемесінің атын жамылатыны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алаяқтар өздерін «Қазпошта» қызметкерлері ретінде таныстырып, сәлемдеме түскені туралы хабарлайды. Олар осы сәлемдемені алу үшін телефоныңызға келген sms-кодты айтуды сұрайды.
«23 жастағы ақтөбелік қыз осындай алаяқтардың айла-амалдарына тап болды. Алаяқтардың қоңырауынан кейін ол онлайн несие рәсімдеп, алаяқтардың шотына 2 млн теңгеге жуық қаражат аударған.
Мұндай жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатыңыз. Интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін әр қоңырау мен SMS-ке мұқият қарауды, сондай-ақ күдікті хабарламалар мен жарнамаларға сенбеуді ұсынамыз», – делінген облыстық ПД хабарламасында.