Адам шошырлық оқиға: Жезқазғанда әйел адам мен қызының мәйіті табылды

Автор: Асыл Арман

Оларды өлтірген күдікті көп ұзамай ұсталды

Фото: istockphoto.com

Жезқазғандағы пәтерлердің бірінен 59 жастағы әйел мен оның 17 жастағы қызы – Астанадағы халықаралық колледжінің студенті өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Марқұмдардың денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған. Ұлытау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде, оларды туыстарының бірі тапқанын мәлімдеді.

Ер адам ұзақ уақыт бойы оларға телефон арқылы хабарласа алмаған соң, үйіне өзі барады. Есікті ешкім ашпағандықтан, ол өзіндегі қосалқы кілт арқылы кірген. Пәтер ішінен анасы мен қызының мәйітін көріп, дереу полиция шақырған.

Тергеу мәліметінше, әйелдің мойын тұсында пышақ жарақаттары болған, ал қызы, алдын ала болжам бойынша, тұншықтыру салдарынан қаза тапқан. Жасөспірім қыз – Астанадағы халықаралық колледждің екінші курсының студенті.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстады. Тергеу кезінде ол қылмысын мойындады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді полиция өкілдері.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті марқұмдармен таныс болған. Қылмыстың себебі анықталып жатыр. Барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл істің тергелуі облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Тегтер: