Хатты Жазираның Ерболат деген бауырына біреулер арқылы беріп жіберген
Әнші Жанболат Ербатыров «БЕНЕФИС ШОУ» жобасында жұбайы Жазира Байырбекованы алып қашқан кезде хат жазып қалдырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Хатты Жазираның Ерболат деген бауырына біреулер арқылы беріп жіберіпті.
«Ерекеңмен бірге оқыдық. Жазира кейін келді. «Ереке, Жазираны алып бара жатырмын, осылайда-осылай» деп жаздым. Ол кезде шок болдым шыны керек», - деп еске алды Жанболат.
Осы кезде сөзге Жазираның өзі араласты.
«Жазира үлкен қыз ғой, Жазираны алып бара жатырмын. Маған ренжіме, мені танисың ғой» деп жазып, біреулерге беріп кеткен. Ол Ерболдың қолына тиген. Қазір айтса көңілі босап кетеді. Бірақ 20 жыл өтті, үйренетін уақыты болды ғой», - деп күлді Жазира Байырбекова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жазира күйеуі Жанболатпен қалай танысқаны туралы әңгімелеп берген еді. Ол кезде Жазира 1-курста оқитын, 17 жастағы бойжеткен болыпты.
«17 жасар кішкентай қыз едім. 1-курс оқимын. Жатаханада менен 2-3 жас үлкен қыздармен бірге тұрдым. Бөлмемдегі қыздарға қонаққа жігіттер келді. Көрші бөлмеде тұратын Жанболат есікті қағып «бері келші» деп коридорға шақырып, «Сен кішкентайсың, саған үлкен жігіттер бар жерде отыруға болмайды. Одан да далаға шығып таза ауа жұт, жүр бірге шығып келейік» деді. Содан бері «саған анау болмайды, мынау болмайды» деп жанымда жүр», - деп жазды өнер иесі.