ҚР ТЖМ оқиғаның қалай өрбігенін айтты
11 тамыз кешкісінде Алматы облысы Талғар ауданындағы Физкультурник шыңында Ресейден келген 72 жастағы турист ауыр жарақат алды. Ірі тас оның аяғын басып қалған. Ер адам ұлымен бірге тауда болған, алайда оқиға орнында байланыс болмағандықтан, ұлы бірнеше шақырым төмен түсіп, көмек шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, тоғыз құтқарушы екі техникамен және дрон қолдана отырып, оқиға орнына аттанған. Жол тастар мен мұздықтар арқылы, түнгі уақытта және төрт мың метрден астам биіктікте өтті. Жарақат алған адамға жету бес сағаттан астам уақытты алды.
Туристке алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жағдайы нашарлай бастаған соң шұғыл түрде төмен түсіру басталды. Түнде қосымша күштер операцияға қосылды.
12 тамыз таңертең «Қазавиақұтқару» тікұшағы Богданович мұздығына келіп қонды. Зардап шегуші, оның ұлы және бір құтқарушы Боралдай әуежайына жеткізіліп, кейін Алматы қалалық клиникалық ауруханасына тасымалданды.
Ведомство мәліметінше, құтқару операциясы биік таудағы қиын жағдайда 13 сағаттан астам уақытқа созылды.