Ботай қонысы – біздің дәуірімізге дейінгі IV–III мыңжылдықтарға жататын энеолит дәуірінің, дәлірек айтсақ, мыс-тас ғасырының бірегей ескерткіші
Солтүстік Қазақстан жері – Еуразия тарихындағы ең ірі археологиялық жаңалықтардың бірі саналатын Ботай мәдениеті орналасқан аймақ. Бұл – әлемде алғаш болып жылқыны қолға үйреткен өркениет мекені, түркі халықтарының мәдени кодының маңызды бөлігі әрі Ұлы даланың көне рухын бүгінге жеткізген мұра. Сол себепті биыл 11-17 тамыз аралығында Солтүстік Қазақстан облысы осы бай мұраны халықаралық деңгейде танытуға бағытталған ауқымды мәдени, ғылыми және туристік іс-шаралар орталығына айналып отыр. Өйткені бұл күндері өңірде «Ботай — Ұлы дала мәдениеті» деп аталатын III халықаралық суретшілер симпозиумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ботай қонысы – біздің дәуірімізге дейінгі IV–III мыңжылдықтарға жататын энеолит дәуірінің, дәлірек айтсақ, мыс-тас ғасырының бірегей ескерткіші. Археологтердің айтуынша, дәл осы жерде адамзат алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, көшпенді өмір салтының негізін қалаған.
Бұл жаңалық тек Қазақстан тарихы үшін ғана емес, барша әлемдік өркениет үшін бетбұрыс болды. Жылқының қолға үйретілуі адамзат дамуының жаңа кезеңін бастап, Ұлы дала мәдениетінің қалыптасуына жол ашты.
Биыл өтетін симпозиумға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Моңғолия, Якутия, Татарстан, Башқұртстан, Ресей және Қабардино-Балқариядан суретшілер, этнографтар, тарихшылар және туризм мамандары келіп жатыр.
Халықаралық семинар-тимбилдинг «Ботай — Ұлы дала мәдениеті» (13 тамыз, Никольско-Бурлук ауылы)
Қатысушылар ежелгі ботайлықтардың тұрмысымен танысып, аңшылық әдістерін, тұрғын үй үлгілерін, этнографиялық қойылымдарды көреді. «Nomad» каскадерлік тобы тарихи шайқас көрінісін сахналайды. Археологиялық қазба жұмыстарына Ботай мәдениетінің алғашқы зерттеушілерінің бірі, профессор Андрей Плешаков жетекшілік етеді.
Суретшілер пленэрі (12–16 тамыз, Имантау–Шалқар аймағы және Петропавл)
Халықаралық деңгейдегі суретшілер табиғат аясында, тарихи орындарда жұмыс істеп, өңірдің пейзажы мен мәдениетін бейнелейді.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференция (14 тамыз, Петропавл, Оқушылар сарайы)
Ғалымдар Ботай мұрасының археологиялық, мәдени және философиялық қырларын талқылайды.
Көрме ашылуы (16 тамыз, «Ботай» арт-галереясы)
Симпозиум аясында жазылған картиналар ұсынылады.
Ботай — Түркі әлемінің ортақ қазынасы
Симпозиум тек мәдени іс-шара ғана емес, бұл – сонымен қатар Түркі әлемі елдерінің ғылыми және рухани ынтымақтастығын нығайтатын платформа. Мұндай ауқымды жоба Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау қорының қолдауымен жүзеге асып отыр. Қор президенті Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, «Ботай — біздің тамырымызды, бірлігімізді және мәдени кодымызды айқындайтын ортақ мұрамыз».
Ботай қонысының халықаралық деңгейде насихатталуы өңір туризмін дамытуға серпін бермек. Археологиялық ескерткіштер, табиғи ландшафттар, этнографиялық реконструкциялар мен мәдени іс-шаралар шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді. Бұл – Солтүстік Қазақстанның жаңа туристік бренді.
Ботай тек археологиялық ескерткіш емес, ол – бүкіл Түркі өркениетінің бастауы, Ұлы даланың рухани паспорты. Оның тарихын тану – өткенімізді бағалау, болашағымызды айқындау. 2025 жылғы халықаралық симпозиум осы құндылықты әлемге паш ететін маңызды қадам болмақ.