Оқиғаға қатысты Полиция департаменті пікір білдірді
Алматылық бойжеткен көшеде бейтаныс ер адамның ақшаға интим ұсынып, мазалағанын айтты. Оқиға әлеуметтік желіге жарияланып, полицияның назарын аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматылық бойжеткен жұмысынан қайтып келе жатып, жағымсыз жайтқа тап болғанын баяндады. Айтуынша, оған бейтаныс ер адам жақындап, әңгіме бастамақ болған.
Алдымен ол: «қызым, бір минутыңды бөлші», кейін «қарындасым, өтінемін» деп сөйлеген, тіпті қолымен тоқтатпақ болған. Бойжеткеннің айтуынша, бастапқыда көмекке мұқтаж деп ойлаған, алайда артынша одан: «аппетитті ашады екенсің» деген сөз естиді. Артынша ер адам ақшаға интим қатынас ұсынған.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.
«Жергілікті полиция қызметінің мамандары тексеру жүргізіп жатыр. Болған оқиғаның барлық объективті мән-жайы анықталып, құқықтық баға беріліп, заңнамаға қатаң сәйкес шаралар қабылданады. Полиция мұндай деректерге принципті түрде әрекет етеді және оларды назардан тыс қалдырмайды», – деп атап өтті ведомство өкілдері.