«100 млн теңгеден асады»: «Барыс» ойыншысының жалақысы айтылды

Автор: Асыл Арман

Ол «Барыс» сапында 17 маусым бойы өнер көрсетіп келеді

Фото: Sports.kz

Ресейлік спорт шолушысы Артур Хайруллин Telegram-арнасында астаналық «Барыс» шабуылшысы Роман Старченконың келісімшарты жайлы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Журналистің мәліметінше, 39 жастағы форвард клубпен бір жылдық келісімге қол қойған, оған сәйкес оның жылдық табысы шамамен 16 млн рубльді (қазіргі бағам бойынша шамамен 109,6 млн теңге) құрайды.

Еске салайық, «Барыс» Старченкомен келісімшартқа отырғанын ресми түрде 11 тамызда жариялады. Біржақты келісім 2026 жылғы 31 мамырға дейін есептелген. Бұл Старченконың елордалық клуб сапындағы 17-маусымы болмақ.