Алматы әуежайында Қытай азаматы бір миллион теңгесінен айырылып қала жаздады

Автор: Алмас Ерсін

Ұшаққа отыруға санаулы минуттар қалғанда ол өте күрделі жағдайға тап келген

Фото: facebook.com/alaportofficial/, primeminister.kz

Алматы әуежайында шетел азаматы шамамен бір миллион теңгесінен айырылып қала жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақшаны басқа біреуге аударған

Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше Қытай азаматы қателесіп, 970 000 теңгені бейтаныс адамға аударып жіберген. Оған желілік полиция бөлімінің қызметкерлері көмек көрсетті.

Оқиға ұшуға дейінгі жолаушыларды тексеру аймағында болған.

«Ұшуға асыққан шетелдік азамат телефондағы қосымша арқылы ақша аудару кезінде абайсызда алушыны шатастырып алған – алушының есімінің алғашқы әріптерінің ұқсастығы оны жаңылыстырған», - дейді полийейлер.

Ұшаққа отыруға санаулы минуттар қалғанда, әрі тілді білмегендіктен, ол өте күрделі жағдайға тап келген: қаражат кез келген сәтте шешіліп кетуі әбден мүмкін еді, ал уақыт өте тығыз болатын. Атпал азаматтың дегбірі қашып, абдырап қалған сәтінде оған полиция аға сержанты Шыңғыс Тұраш пен жедел уәкіл Еламан Илебай бірден көмекке келді.

Полицейлер көмекке келді

Тәртіп сақшылары шұғыл түрде банкпен байланысып, аударымды бұғаттады. Ақша алған тұлғаның жеке басы мен байланыс мәліметтерін анықтады. Жолаушыны ұшаққа отырғызу сәтіне дейін қасында болып, моральдық қолдау көрсетті.

«Мен қатты күйзелісте болдым: тіл білмеймін, уақыт тығыз, ал ақшам кез келген сәтте жоғалып кетуі мүмкін еді. Сол кезде полицей маған: «Досым, уайымдама, мен саған көмектесемін», — деді. Ол уәдесінде тұрды. Қытайда біз: «Халықтық полиция – халыққа қызмет етеді» дейміз, дәл осыны мен Қазақстанда да сезіндім. Қазақстан полициясы тек өз азаматтарына ғана емес, көмекке мұқтаж кез келген адамға қол ұшын созады екен. Шын жүректен алғысымды білдіремін», — деді Қытай азаматы Zuo Tenglong.

Алғыс ретінде ол TikTok желісінде видео жариялап, қазақстандық полицейлердің жоғары кәсібилігі мен адамгершілігін, сондай-ақ азаматтығына, тіпті тіліне қарамастан, адамдарға көмек көрсетуге дайын екендігін атап өтті.